"Бала бетімен кетеді" - "Қазақстандық ата-аналар одағы" Тоқаевқа үндеу жасады

Оралхан Қожанов

«Қазақстандық ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұрып-соғу туралы бапты ҚР Әкімшілік кодексінен Қылмыстық кодекске ауыстыруға қарсылық танытуда, деп жазады Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Мәжіліс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және жеңіл зиян келтіру баптарын ауыстыруды көздейтін заң жобаларын мақұлдаған еді. Қазір заң жобасы Сенат талқылауында.

«Қазақстандық ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдері заң күшіне енсе, баланы тезге салу былай тұрсын, “тәйт” деудің өзі мұңға айналатынын айтады. Ал ата-анаға қарсы шыққан баланың қоғамда өз орнын табуы қиын.

“Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мәжіліс және сенат депутаттары! Біз ұрып-соғу туралы бапты ҚР Әкімшілік кодексінен Қылмыстық кодекске ауыстыруға қарсымыз. Шындап қарағанда, бұл заң балаларды ата-анасынан ажыратуға апарады”, – дейді бірлестік мүшелері.

Олардың айтуынша, баланы нұқып қалғаннан көгеру белгілері білінбейді. Оның бар-жоғын дәлелдеу мүмкін емес. Әке-шешесінің мұндай әрекеті үшін сотталып, ата-ана құқығынан айырылуы масқара, деп есептейді ата-аналар.

“Анасы туған баласына “сабағыңды оқы” деп, нұқып қалғанның өзі заң бұзушылық екен. Бұлай жалғаса берсе, балалар ата-анасын тыңдамай зиянды әдеттерге әуес болмай ма? Мұндай заң шетелдіктерге еліктеу болып табылады. Біздің ата-бабамыздан келе жатқан бала тәрбиелеу, үлкендерді сыйлау дәстүрі бар. Отбасы – мемлекетіміздің іргетасы. Сондықтан да, баласын тезге салған әке-шешесін ата-ана құқығынан айыруға қарсымыз!” – дейді бірлестік мүшелері.

Естеріңізге салсақ, былтыр елімізде бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 6 мыңнан астам адам профилактикалық есепке алынғанын жазған едік.