Ресейдегі теракт: құрбан болған адамдар саны 133-ке жетті

Қалижан Бектемір

Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі «Крокус Сити Холлда» қаза тапқан құрбандардың болжамды тізімін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ресей ТЖМ

Құжатта әзірге тек 13 адамның аты-жөні жазылған

Ведомство бұл тізім Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сай жасалғанын мәлімдеді. Тізім әлі де толығуы мүмкін. 

РФ Тергеу комитеті теракт салдарынан ажал құшқан құрбандардың саны 133 болғанын хабарлады.  

ТЖМ мамандары «Крокус сити холл» ғимаратындағы үйінді астынан іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. 63 куб метр конструкция бөлшектеніп, тазаланған. Арнайы робот техниканың көмегімен өрт ошағы іздестіріліп жатыр.  

Мәскеудегі теракт

22 наурызда қарулы лаңкестер "Крокус Сити Холл" концерт залына басып кіріп, "Пикник" тобының қойылымын тыңдауға келген адамдарға оқ жаудырды. Осыдан кейін ғимаратта жарылыстар естіліп, өрт шықты. Ресей тергеу комитеті (РТК) 60-тан астам адамның қайтыс болғанын әрі бұл көрсеткіш артуы мүмкін екенін хабарлады. РТК террористік акт туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғады.

Кремль Ресей қауіпсіздік қызметі, ішкі істер министрлігі, тергеу комитеті, төтенше жағдайлар министрлігі, росгвардия басшылары Владимир Путинге "Крокустағы" шабуылға қатысты тергеу барысы жөнінде баяндағанын хабарлады.

Бүгін таңға жуық "Крокустағы" шабуылдан зардап шеккендердің бәрі оқиға орнынан эвакуацияланғаны жөнінде ақпарат пайда болды. Тікұшақтар өртті сөндіру жұмыстарын аяқтаған. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Мәскеудегі теракттан қаза болған адам саны 115-ке жеткен еді.