«Қырғыз басшылығына қастандық жасаған» олигарх Матраимов Бішкекке жеткізілді

Ulysmedia

Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов Бакуден Бішкекке экстрадицияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ҚҰҚМК

Kaktus.media-ның жазуынша, Матраимовты үкімет ұшағымен алып кеткен. Онымен бірге «Ошгаз» кәсіпорны директорының бұрынғы орынбасары Тілек Матраимовты да Бішкекке алып келген.

Әлеуметтік желіде Матраимовты Бішкекке жеткізген фотосуреттер тарап кетті. Бір суретте олигархтың қолына ұшақ бортында кісен салынған. Екінші сурет Бішкек әуежайында түсірілген – ер адамды ұшақтан алып шыққан.

Матраимовты экстрадициялаудан кейін мемлекеттік арна қызметкерлері одан түсініктеме сұрады. Видеода арнайы жасақ сарбаздарының сұрақтарға жауап беруі үшін оның қолынан ұстап, басын қалай көтергенін көруге болады.

23 наурызда Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Бішкекте Қырғызстан басшылығына қастандық жасамақ болған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі ұсталғанын хабарлады. Комитет олардың барлығы Әзербайжаннан келгенін қосты. Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Матраимовтың ұсталғандармен байланысын анықтады.

Біраз уақыттан кейін комитеттің баспасөз қызметі қосымша мәлімдеме жасап, онда іздеуде жүрген қырғыз олигархы Райымбек Матраимов Әзербайжан астанасы Бакуде жүргенін хабарлады. Ал оны ұстау және одан әрі Қырғызстанға экстрадициялау мәселесі Әзербайжанның құқық қорғау органдарымен талқыланды.

2024 жылдың қаңтар айының соңында Райымбек Матраимовқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті іздеу жариялап, оның миллиардтаған сомдық жылжымайтын мүлкін мемлекет меншігіне өткізген.

Еске салсақ, бұған дейін Райымбек Матраимовтың Қырғызстан басшылығына қастандық жасамақ болған Бішкекте ұсталған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерімен байланысы бар екенін жазған болатынбыз.