ҰҚК елордада терроризмге қарсы оқу-жаттығу өткізеді

Ulysmedia

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астанада адамдар көп жиналатын орындарда оқу-жаттығу өткізеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2024 жылғы 29-30 наурызда Астанада адамдар көп жиналатын объектілерде терроризмге қарсы оқу-жаттығулар өткізуді жоспарлап отыр.

Іс-шара шеңберінде ҰҚК арнаулы мақсаттағы бөлімшелерінің дағдылары мен тактикалық іс-қимылдарын қалалық жағдайларда пысықтау көзделеді, –делінген хабарламада. 

Еске салсақ, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Мәскеу түбіндегі Crocus City Hall концерт залында болған терактіден кейін адам көп жиналатын орындарды жоспарлы тексеру туралы айтты.

Мәскеудегі теракт

22 наурыз күні кешке Мәскеудегі Крокус-Ситиде теракт болды. Белгісіз біреулер концерт залына кіре берістегі күзетшілерге оқ жаудырған. Содан кейін олар фойедегі көрермендерді атты. Қаза тапқандар саны жүзден асып кетті. Бұл лаңкестік оқиға ТМД елдеріндегі соңғы жылдардағы ең ірі терактілердің бірі болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның құқық қорғау органдары қажет болған жағдайда Ресейдің құқық қорғау органдарына көмек көрсететінін айтты.

24 наурызда Мәскеудің Басманский аудандық соты "Крокус Сити Холлда" адамдарға шабуыл жасады деп айыпталғандарды қамауға алды.

22 наурыздағы шабуыл үшін жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" (ИМ) тобы өз мойнына алған. АҚШ шенеуніктері бұл оқиғаның артында "Уәлаят Хорасан" (УХ) аймақтық ИМ ұяшығы тұрғанын айтқан. 

Соңғы мәліметтерге қарағанда, теракттан көз жұмғандар саны 143 адамға жетті.