Антикор Шәкәрім Сейсенбайдың не үшін қызметтен кеткенін айтты

Ulysmedia

Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Шәкәрім Сейсенбай бүгін ғана қызметінен кететінін жария еткен болатын. Оның жұмыстан неден кеткенін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің астаналық департаментінің баспасөз қызметі түсіндірді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен Ш. Сейсенбай бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды жұмысқа қабылдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік іс жүргізу материалдарын қарау барысында төмендегілер анықталды: Ш. Сейсенбай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің елордалық білім басқармасының басшысы лауазымын атқара отырып, балабақша меңгерушісі лауазымына бұрын ҚР ҚК 176-б. 3 б. "б", "г" т. және ҚР ҚК 317-б. 1-б. (1997 жылғы редакциясында) сотталған қызметкерді қабылдады», - делінген хабарламада.

ҚР Еңбек кодексінде көзделген нормаларға сәйкес, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды квазимемлекеттік сектор субъектілеріне басшылық лауазымға орналастыруға жол берілмейді.  Сонымен қатар, 2020 жылғы қазанда еңбек заңнамасына енгізілген түзетулерге сәйкес бұл шектеу квазимемлекеттік сектордағы қатардағы лауазымдарға қолданылады.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің астаналық департаментімен 8 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 5-і мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруға теңестірілген тұлғалар болып табылады. Өндіріп алынған айыппұлдар сомасы 2,1 млн.теңгені құрады.