Судья Айжан Көлбаева бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың бүгін отырыста жауап алу туралы өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Сот қорғаушының өтінішін қанағаттандыру, сотталушыдан сот отырысында жауап алу, сол арқылы сот отырысында дәлелдемелерді зерттеу тәртібін өзгерту қажет деп санайды, - деп шешімді судья дүйсенбідегі отырыста жариялады.
Бишімбаевтан куәгер Нұрқайдардың айғақтары берілгеннен кейін жауап алынады.
– Алдағы уақытта зерттеу тәртібі былайша айқындалады: алдыңғы сот отырысында жауап алу аяқталмаған Нұрқайдар куәгерінен жауап алғаннан кейін сот сотталушы Бишімбаевтан жауап алуға кіріседі. Содан кейін куәгерлерден, сарапшылардан, сарапшылардан кейін-қылмыстық іс материалдарын зерттеу, одан кейін Байжановтан жауап алынады, - деп нақтылады судья.
Бишімбаевтың ісі
Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды. Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.
Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.
12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.
Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.