ҚХР-мен визасыз режим: Қытайдан Қазақстанға қанша турист келді

Аян Өрібай

2023 жылдың 10 қарашасынан бастап Қазақстанға Қытайдың 126 мың азаматы келді. Бұл жайлы Ulysmedia.kz порталы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровқа сілтеме жасап хабарлайды.

Коллаж: ulysmedia.kz.

– Қытайлықтар біздің елде қаптайды, бұл біздің қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді деген шу мен негатив көп болғанын білесіздер. Ендеше, мен сіздерге статистиканы келтірейін: 2023 жылдың 10 қарашасынан бастап Қазақстанға Қытайдың 126 мың азаматы барса, Қазақстанның 173 мың азаматы Қытайға барған, - деді Айбек Смадияров.

ҚР СІМ өкілі Бейжіңнен азаматтарымызбен бірге толық ұшақтың ұшқанына өзі куә болғанын атап өтті.

Қазақстан азаматтары Қытайға көбінесе туризм, медицина қызмет алу, оқу мақсатында барады.

– Біз визасыз елдердің тізімін ұлғайтуға тырысамыз. Көпке бұл ұнайды деп үміттенемін, жылдың соңына қарай көре жатарсыздар, - деді ол.