Jusan Bank Гүлмира Жұмаділдәқызы басқаратын болды: ол жайлы не белгілі

Сырым Қаржас

Japan Bank басқарма төрағасы болып Гүлмира Жұмаділдәқызы сайланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz қаржы ұйымына сілтеме жасай отырып.

Jusan.kz/коллаж Ulysmedia.kz

"First Heartland Jusan Bank" АҚ директорлар Кеңесі 3 сәуірден бастап Гүлмира Жұмаділдәқызын қаржы ұйымының басқарма төрағасы етіп сайлау туралы шешім қабылдады.

Бұған дейін оны тағайындауға қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі келісім берген болатын.

Еске сала кетейік, 1 наурызда Арман Маңғытов Jusan bank басқарма төрағасы қызметінен кеткен.

Жаңа басшы жайлы не белгілі

Ол Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Банк саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар, оның ішінде 20 жылға жуық басшылық лауазымдарда жұмыс істеген.

2007 жылдан 2021 жылға дейін Kaspi Bank басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Сонымен қатар, ол үкімет аппаратында жұмыс істеді.

Вячеслав Ким қайда

2023 жылдың тамызында Kaspi.kz қаржытех тобының тең иесі Вячеслав Ким Ғалымжан Есеновке Jusan Bank-тегі көпшілік үлесті сатып алуға қаражат бөлгені белгілі болды.

Ким қаржылық қолдау оның жеке бастамасы болды деп мәлімдейді. Оның айтуынша, ол Есеновпен бұрыннан таныс.

Айта кетейік, Ғалымжан Есенов – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үзеңгілесі Ахметжан Есімовтың бұрығы күйеубаласы. Ал Ким Қайрат Сатыбалдының көптен бергі серігі.