Одан қалды бюджет қаражаты спорттық инфрақұрылымды дамытудың орнына легионерлердің жағдайын жасауға жұмсалған. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының басшылығымен өткен жиында осындай ақпарат айтылды, - деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық фактісі тіркелген. Бұлардың ішінде бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапанов та бар.
Осындай деректерді алға тартқан агенттік төрағасы Асхат Жұмағали бұл салаға бөлініп жатқан қаражаттың тиімділігіне де тоқталды. Соңғы 6 жылда спортты дамыту үшін бөлінген қаржы 2 есеге өсіп, 1,4 триллион теңгеге жеткен. Алайда, Қазақстанның әлемдік рейтингтегі жағдайы жақсарудың орнына төмендеп жатыр. Нақты бір мысал ретінде осы салаға қарастырылған қаржының 90 пайызы жоғары жетіктістіктерге жетелейтін спортқа бөлініп келген. Яғни, олимпиада сияқты әлемдік додаларда ел қоржынына медаль әкелуі мүмкін спорт түрлеріне деген сөз. Ал, бұқаралық спортты дамыту үшін қалған 10 пайызы ғана жұмсалады екен. Бюджетті бөлудегі мұндай теңсіздіктер жемқорлыққа мүмкіндік ашатын көрінеді.
- Қаржыландырудағы теңгерімсіздік жемқорлық схемалар үшін құнды негіз болды. “Жоғары жетістіктер” спортында ашық емес және субъективті төлемдер, бақылау тиісті жүргізілмейді, жалған құрамалар құру және қосарлы қаржыландыру үшін жағдайлар жасалған, – деп мәлімдеді агенттік Төрағасы.
Бұл саладағы цифрландырудың жолға қойылмауы жемқорлықтың етек жаюына жағдай жасап отыр екен. 2 жыл бұрын іске қосылуы тиіс “Е-sport” ақпараттық жүйесі әлі күнге қолданысқа берілмеді. Содан да болса керек, “Спорт шебері” жалған атағын беру фактілері де анықталған.
Сондай-ақ, өзге мемлекет спортшыларына азаматтық беру арқылы құрамаға алу, кәсіби клубтардың бюджетін қалыптастыру және легионерлер мәселесі де сөз болды. Осы жерде де біраз былықтың беті ашылған. Президенттің бюджет пен жалақы мөлшерін шектеу туралы тапсырмасына қарамастан кәсіби футбол клубтары соңғы 3 жылда 30 млрд теңге артық үстемақы төлеген. Бұдан бөлек, сол клубтар өзінің инфрақұрылымын дамытудың орнына, қаражатының көп бөлігін легионерлердің төлемі мен спорт нысандарын жалға алуға жұмсаған.
Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы, туризм және спорт министрі қатысқан жиын соңында жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ұсыныстар айтылды.