Танымал әнші, композитор Жұбаныш Жексенұлы әдеуметтік желіде еліміздегі оқыс оқиғаларға адамдардың өздері кінәлі екенін айтып, бұл пікірі үшін оқырмандарға жақпай қалды, деп жазады Ulysmedia.kz.
“Соңғы кездердегі елімізде болып жатқан ауыр жағдайға байланысты менің ойым: қаншама елді су алып, қаншама отбасы үйсіз қалды. Одан да басқа жағдайлар болып жатыр. Соның бәрі бір-біріміздің көңілімізді қалдырғаннан, ренжіткеннен, пейілдің тарылғанынан, пиғылдың жаман болғанынан деп ойлаймын. Солай деп естігем, негізі. Адамның ниет-пейілі бұзылса, осындай табиғи апаттарға әкеп соғады. Сондықтан біз тезірек ниет-пиғылымызды түзеп, мінезімізді өзгертіп, сөзімізді, ойымызды, көзқарасымызды өзгертіп, іс-әрекетімізді дұрыстап, жайбарақат, музыка тыңдап отыратындай, аспанымызда ән қалықтайтындай жағдайға жетсек екен дейміз. Құдай бізге сабыр берсін, аман болайық", – деп жазды әнші.
Әншіні бірі қолдап жатса, көпшілігі бұған дер кезінде шара қолданбаған билікті кінәлайды.
Оқырмандар “Мына әншінің дені сау ма?!”, “Сонда биліктің түк кінәсі жоқ па?", "Не айтып отырғанын өзі білмейді, қайда бөлінген қаржы? Жымқырғандар туралы неге айтпайды? Көзі ашық азамат па десем, қорқақ, жалтақ, өзім аман болайын дейтін адамның біреуі екен", "Имамдардың әңгімесін көп тыңдап қойған-ау, қателестің, Құдайдың жазғаны емес, жемқорлардың кесірі бұл" деген пікірлер қалдырған.