Елде шығарылатын көлік брендтерінің бестігі аталды

Ulysmedia

Қазақстанда биылғы 9 айдың ішінде 63 мыңнан астам көлік шығарылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,5% жоғары, деп хабарлайды ulysmedia.kz порталы ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: Ашық дереккөзден

Олардың басым бөлігін жеңіл автомобильдер өндірісі құрап, аталған кезеңде 55 016 көлік шығарылған. Сондай-ақ, 6971 жүк техникасы, 872 автобус, 489 тіркеме және жартылай тіркеме, 211 мамандандырылған техника өндірілген. Шығарылған автокөліктердің жартысына астамы «Сарыарқаавтопром» кәсіпорнына тиесілі. Қостанай зауытында 38 309 жеңіл, жүк автомобильдері мен автобустар өндірілді. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan компаниясы 19 585 автокөлік, Семейдегі СемАЗ 3 155 коммерциялық техника, Көкшетаудағы «КАМАЗ Инжиниринг» 1 115 жүк көлігін, Hyundai Trans Auto 586 коммерциялық автокөлік, Daewoo Bus Kazakhstan 207 техника, Саран қаласындағы QazTehna жаңа зауыты Yutong 143 автобус шығарды.

Қазақстандағы кәсіпорындарда игерілген ең танымал брендтер бестігі (экспортты қоса алғанда): Chevrolet (23 556 бірлік), Hyundai (19 643 бірлік), Kia (6 871 бірлік), JAC (4 488 бірлік) және GAZ (3 149 бірлік).

2021 жылдың 9 айында дайын автомобильдерді жеткізу 43% артып, сыртқа 52,4 млрд теңгеге 7 816 көлік шетелге шығарылды. Олардың негізгі бөлігі Ресейге (4 346 бірлік), Өзбекстанға (2 968 бірлік), Беларуське (398 бірлік), Қырғызстанға (102 бірлік) және Әзербайжанға (2 бірлік) сатылған.