Астанада әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың туыс інісі Бақытжан Байжанов ағасын кісі өлтіруші деп сот залында айғай салды. Ол өзіне тағылған - "қылмысты жасырды" деген айыпты мойындамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Бұл – басқа Бишімбаев”
Сұрақ жауап барысында Бақытжан Байжанов Бишімбаевты кісі өлтіруші деп атады.
«Ол адамды өлтірді. Бишімбаев! Ол кезде мүлде Бишімбаев болған. Қазір басқа Бишімбаев. Ол қолыммен істегенді мойныммен көтеремін деген. Ата-ананың бетіне қалай қараймын деді. Ондай сөзді көп айтты», - деді экс-министрдің ұсталған сәтін есіне алған ол.
Байжанов қылмысты жасырушы ретінде тағылған айыппен келіспейтінін, тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.
Қорғалушы тарап не дейді?
Сот барысында Қуандық Бишімбаевтың өзі Бақытжан Байжановты “құжаттарды қайтармай жатыр” деп айыптады. Экс-министрдің адвокаты “оны қайтарасыз ба?” деп Байжановтан сұраған. Байжанов өзіне “Бишімбаев тарапынан ештеңе керегі жоқтығын, бәрін қайтаратынын” айтты. Сотта өзі білетін бар шындықты жеткізгенін мәлім етті.
Бишімбаевтың айтуынша, Байжановтың оған қаржы құжаттарын, машинаны бермейтіні бұрынғы әйелі Назым Кахарманның "айтуымен жасалған".
– Мұның бәрін менің бұрынғы жұбайым Назым жасап отыр. Ол менің ата-анамды бопсалайды, балаларға олармен араласуға мүмкіндік бермейді. Ол тіпті Байжановтың адвокаты Ынтықбаевтың ақшасын төлеп отыр, - деді Бишімбаев.
Бишімбаевтың ісі
Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды. Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.
Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.
12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.
4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді.
Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді. 9 сәуірдегі отырыста сотта Бишімбаевтың ұсталған сәтінен видео көрсетілді. Видео оқиға орнына барған полиция қызметкерінің видеожетонына түсірілген.
10 сәуірде өткен сотта судья Айжан Көлбаева БАҚ пен әлеуметтік желіге 9 сәуірде алқа билердің суреті тарап кеткенін мәлімдеді. Ол бұлай болмайтыны БАҚ өкілдеріне ескертілгенін, сол үшін тиісті тексеру жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Тексеру жұмысының қорытындысы шыққанша сот залына журналистерді кіргізбеу жөнінде шешім қабылдады.
Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.