Қазақстанда жыл сайын 800 су маманын дайындау қажет - сарапшылар

Оралхан Қожанов

Қазақстан Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев агроөнеркәсіп саласындағы кадр мәселесі жайлы айтты, деп жазады Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

«2023 жылы аграрлық және су салалары бойынша мемлекеттік білім беру гранттарын игеру небәрі 59 пайызды құрады. Кадрларды даярлауға осындай көзқараспен Ауыл шаруашылығын, су саласын қалай дамытамыз? Мәселен, өткен жылы «Су ресурстары және суды пайдалану?» мамандығына бүкіл ел бойынша 101 адам ғана келіп түсті, мемлекеттік гранттардың 70%-ы игерілмеген күйінде қалды. Сонымен қатар алдағы 5 жыл ішінде экономиканың қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін біз жыл сайын 800 су маманын дайындауымыз керек», - деді А.Күрішбаев.

А.Күрішбаев «Аграрлық ғылым саласындағы түбегейлі өзгерістерді тиісті қаржыландыру және табысты жүргізу арқылы Қазақстанда осы саланы ғылыми қамтамасыз етудің заманауи жүйесін құруға болатынын айтты.

Естеріңізге салсақ, Күрішбаев сенатор болған кезеңде ректорлар студенттерге «қаржы көзі» ретінде ғана қарайтынын алға тартқан болатын.