Астанаға Ресейден вирусы бар қызанақ тұқымдары әкелінген

Ulysmedia

Астанада өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар импортталған қызанақ тұқымдары мен гүл кескіндерінде вирус барын анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: east-fruit.com

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, «Астана темір жол» ФББ өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары карантиндік-фитосанитариялық бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізген.

Осылайша Ресей Федерациясы аумағынан 108 орын немесе 2700 дана бума пакетте әкелінген қызанақтың тұқымдарында қауіпті вирус бары анықталған

Өнім елорда аумағына еңгізуге тыйым салынды және «НТП Kazecotech» компаниясының мамандандырылған пешінде өртеу әдісімен жойылды, - делінген хабарламада.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, қызанақтың қоңыр қатпарлы вирусы (тобамовирус, ToBRFV) қызанақ тұқымдарында сақталады және бір-біріне тиген жағдайда оңай таралады. Бұл вирустың адам денсаулығына зияны жоқ, алайда алқа тұқымдас барлық дақылға зиян тигізетін қауіпті патоген.

Вирус жаппай таралған жағдайда 80 пайызға жуық өнімді жоюы мүмкін. Сонымен қатар аталған дерек бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 400 бабы 2-бөлігінің 1-тармағы негізінде өнім иесіне әкімшілік іс қозғалып, 103 376 теңгеге айыппұл салынды.

Сондай-ақ батыс гүл трипсі карантиндік объектісімен залалданған шыққан жері Кения елі 1320 дана раушан, хризантема және гипсофила гүл кескіндері де өртеу әдісімен жойылды.

Кодекстің 400 бабы 2-бөлігінің 1-тармағы негізінде әкімшілік істер қозғалып, өнім иесіне 251 056 теңге айыппұл салынды.

Зиянкес 250-ден астам өсімдік түрін зақымдайды. Оның ішінде жеміс-жидектер мен көкөністер және гүлдер бар. Зиянкес өсімдіктік жасуша шырындарымен қоректенеді, жаппай таралған кезде өсімдіктің солуына және өлуіне әкеліп соқтыратын қауіпті карантиндік объект. Яғни өнімнің сапасымен өнімділігін төмендетеді. Одан бөлек, зиянкес қызанақтың қауіпті вирустарын да тасымалдаушы болып табылады. Айта кеткен жөн зиянкес адам денсаулығына қауіпі жоқ, - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Еске салсақ, бұған дейін Орал қалалық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары бір тонна қызанақтан вирус анықтағанын жазған болатынбыз.