Есірткі қолданған AirAstana ұшқышы ұсталды

Ulysmedia

Алматы әуежайынан Air Astana әуе компаниясының екінші ұшқышы ұсталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Не болды

Тергеушілердің айтуынша, 31 жастағы ер адам мефедрон қолданып, сақтаған.

Ұшқыш мектеп оқушылары арасынан болашақ ұшқыштарды тарту шарасына қатысу үшін Ақтауға ұшпақ болыпты. 

Қамауға алу кезінде ол есірткіге мас күйінде болған.

Оның тұрғылықты жерінен пластик құбыр тәркіленіп, одан ұнтақты шөгінділер табылған. Ұшқыш 2021 жылдан бері есірткіге тәуелді екенін мойындаған.

Өзінің айтуынша, ұсталғанға дейін бір күн бұрын төрт грамм есірткі қолданған. Соңғы рет 23 сәуір күні таңертең пайдаланған.

Жұмыстан шеттетілді

AirAstana әуе компаниясы жағдайды растап, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 

Бұл қызметкер жұмыстан шеттетілді. Авиакомпания қызметкерлердің алкогольді немесе есірткіні пайдалануына қарсы. Себебі, ұшу қауіпсіздігі бізде бірінші орында. Авиакомпанияда экипаждардың қанында алкоголь немесе есірткі заттарының болуына тұрақты негізде тестілеу жүргізіледі, - деп атап өтті Air Astana.