Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды. Міндеті қандай? Не жұмыс атқарылуы керек?

Ulysmedia

«Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі құрылды. Үкіметтің тиісті қаулысына ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Жер асты суларын зерттейді 

Жаңа ұжым жер асты суларының кен орындары мен учаскелеріне, сондай-ақ су жинағыш гидрогеологиялық ұңғымаларына толық түгендеу жүргізеді. Соның нәтижесінде пайдалану қорлары мемлекеттік балансқа енгізілген 4300-ден астам зерттелген жер асты суларының кен орындары мен учаскелерін қамтитын ауқымды деректер базасы құрылуға тиіс. 

Цифрландыру 

Сонымен қатар «Қазгидрогеология» жер асты сулары мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізе отырып, гидрогеологиялық саланы кешенді цифрландырумен айналысады. 

“Жаңа қызмет аясында Қазақстанның су тапшылығы бар өңірлерінде жер асты су ресурстарының көлемін ұлғайту үшін іздестіру-барлау жұмыстарын жүзеге асыру көзделген. Сонымен қатар халықты және экономика салаларын жер асты суымен, оның ішінде суару мақсаттары үшін қамтамасыз ету бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізілетін болады,”- деп жазды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.  

Жер асты суларын іздестіру, барлау және гидрогеологиялық ұңғымаларды бұрғылау қызметін лицензиялау, сондай-ақ жылу энергетикасы, жылыжай және балық шаруашылықтарының қажеттіліктері үшін жер асты суларының геотермалдық ресурстарын (баламалы энергия көзі) пайдалану бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізу жоспарлары да бар.