«Ұрсысу деген азаптау емес»: жарыссөзде Бишімбаевтың адвокаттары сөйлей бастады

Аян Өрібай

Сот процесіндегі жарыссөзде экс-министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары сөйлей бастады. Адвокат Лейла Рамазанова прокурордың сөзімен келіспейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Азаптау жайлы пайым

– Ойланып көріңізші, бүгінгі сотта прокурор азаптау фактісінің дәлелі ретінде Байжановтың жауабын келтірді. Байжанов Салтанат пен Қуандықтың ұрсысқан сәтінің куәсі болған. Ал ол кезде екі адамның түсінігінің алмасу кезеңі жүріп жатқан. Ұрсысу деген азаптау емес. Сіздер мәселен, ешқашан өз жақындарыңызбен, туған-туыстарыңызбен ұрсысып көрмедіңіздер ме? Бүгінгі күннен бастап осы процеске қатысушы прокурордың ойынша, егер біреумен сіз ұрсысып қалсаңыз, сіз де азаптаушы болып шығуыңыз мүмкін, – дейді Лейла Рамазанова жарыссөз барысында.

Лейла Рамазанова сот процесі барысында қорғау тарапының сотқа жолдаған өтініштері қанағаттандырылмағанын атап өтті. Қуандық Бишімбаев “Салтанат жайлы жаман айтқысы келмегенін, шындықты айтқанын” айтады.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді. 

Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.