Жәбірленушінің адвокаттары Қазақстанның бүкіл элитасын жөнге салғысы келеді – Бишімбаевтың анасы сотта сөйледі

Аян Өрібай

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Әлмира Нұрлыбекова соттың жарыссөзінде сөйлеп, сот пен алқа билерден "Ескі Қазақстанның" бүкіл күнәсін ұлына артпауды өтінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Бишімбаевтың анасы не дейді

«Мен ана ретінде ұлым үшін дұға етемін. Ол біздің отбасы мен Салтанаттың отбасының трагедиясына себеп болған әрекетті жасады. Ешкім ешкімді өлтіруге қақысы жоқ. Бұл мен үшін, менің күйеуім, туған-туыстарымыз үшін аса ауыр әрі шыдатпайтын салмақ. Алқа билер мен сот қабылдайтын шешімге менің ұлым мойынсұнады. Қуандық жазаға лайықты. Бірақ өз әрекетіне ғана сай жазаға лайықты», - дейді Әлмира Нұрлыбекова. 

Сотталушының анасы жәбірленуші тараптың адвокаттары ұлына жағымсыз сипаттама бергенін, оны өзі алқа билерге жасалған қысым деп санайтынын айтады.

«Жәбірленуші тараптың адвокаты менің ұлымды қоғамның паразитіне теңеді. Оны Ескі Қазақстанның адамы деп атап, 30 жыл бойы елді билеген бүкіл шенеуніктер үшін жазалануы керек деп мәлімдеді. Құрметті, алқа билер, құрметті сот! Жәбірленуші тарап кешегі жарыссөзде осы процесті көріп отырғандарға, Қазақстанның бүкіл элитасына жөнге саларлық шешім қабылдауға шақырды. Демек, жәбірленуші тарап әділеттілік пен шынайылық емес, Ескі Қазақстанға жөнге салуды көздеп, сол арқылы сіздерге соттың ғана емес, саяси функцияның пропогандасын да артпақ болды. Соттан, алқа билерден тек бір нәрсені сұрайтыным – қоғамның бүкіл қайғы-наласын бір адамның, ұлымның мойнына артпаңыздар. Иә, ол қателік жасады. Оны сот пен алқа билер соттауы керек», - дейді Әлмира Нұрлыбекова.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді. 

Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.