Тіл мәселесінде спекуляция мен арандатуға жол бермейміз - Айбек Дәдебаев

Ulysmedia

ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Jibek Joly телеарнасына сұхбат берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

Айбек Дәдебаев сұхбатта Мемлекет басшысының тілге қатысты ұстанымын атап өтті. 

“Мемлекеттік тілге қатысты Президентіміздің ұстанымы белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы — нағыз тіл жанашыры. Сондықтан Президентіміздің саясаты — мемлекеттік тілдің дамуына нақты іспен қолдау көрсету және бұл салада қандай да бір спекуляция мен арандатуға жол бермеу,”- деді Айбек Дәдебаев. 

Президент әкімшілігі басшысының сөзінше біз өз тілімізді құрметтеуге міндеттіміз. Бірақ бұл өзге тілді білмеу керек деген сөз емес. 

“Қадыр ақын айтпақшы, біз өз тілімізді құрметтеуге міндеттіміз, ал өзге тілдің бәрін білуге ұмтылуымыз керек. Қазақтың қазақша ғана сөйлемей, орысша, ағылшынша, қажет болса, басқа тілдерді жетік меңгеруі — біздің ұлтымыздың артықшылығы. Әл-Фараби бабамыз 70 тіл білген деседі, соның арқасында ол телегей теңіз білім жинады, әлемнің «екінші ұстазы» атанды.”

Сондай-ақ Дәдебаев тілге байланысты, қудалауға, кемсітуге жол берілмейтінін де мәлімдеді. 

“Бұған қоса, біздің елімізде ешкімді сөйлейтін тіліне байланысты кемсітуге, қудалауға немесе қандай да бір қысым жасауға жол берілмейді. Бұл — мемлекетіміздің негізгі заңы — Ата заңда жазылған норма. Біз дамыған ел боламыз десек, бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция нормаларын қатаң сақтауымыз керек.” 

Жауапты органдардың зерттеулеріне сәйкес, қазір елдегі мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар саны 81 пайыздан асқан.

“Қанша тіл білсең, сонша әлемге есік ашылады дейді. Президент жастардың да бірнеше тілде сөйлейтінін айтып, оларға сенім артып отыр. Демек, бұл өз тіліңді құрметтеп, өзге тілдің бәрін біл деген ұстаным. Бірақ, тағы қайталайын, бізде орысша, ағылшынша немесе өзге тілдерді үйренгендер, ол тілдерді қолданатындар үшін қуанбасақ, қарсы емеспіз,” – деп атап өтті Президент әкімшілігінің басшысы.  

“Тарихи оқиғаларды жақсы білесіздер”

“Өздеріңіз білесіздер, елімізде көптеген этнос өкілдері тұрады. Бұған себепкер болған тарихи оқиғаларды жақсы білесіздер. Қазір тіл мәселесін күрделендіріп, тіпті саяси ойынға айналдырғысы келетіндер де бар. Мәселен, елімізде тілге қатысты жұртты даурықтырып, ұлт болашағына қауіп төндіретін мәселе тудырып жүргендерді байқаймыз. Бұл — ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсер ететін жайт. Қай тұрғыдан қарасақ та, тілдік мәселе нәзік, аса жауапкершілікпен келуді талап етеді.”

“Біздің еліміз көптілді мемлекетке жатады. Яғни, бұл жерде қазақ, орыс тілінің қатар қолданылуында ешбір қателік жоқ. Жалпы, біздің елде мемлекеттік тілге, оның қолдану аясының кеңеюіне айрықша мән беріледі. Бірақ, бұл — еліміз бүгінгі таңда жүргізіп отырған аса астары терең саясат. Нақты формуласы — көптілді қоғам, жалғыз мемлекеттік тілі бар ел! Яғни, оның маңызды компоненті — тілдік төзімділік, жаңаша айтсақ, тілдік толеранттық. «Жылы-жылы сөйлесең…» деген халық нақылы қашанда жадымызда болғаны жөн. Елдің баянды болашағы деген қастерлі істе қандай мәселе болсын сабырмен, ақылға салып шешетін біздің елдің азаматтары үшін бұл қолдан келетін шаруа. Біздің алдыңғы буынның да өсиет еткені осы,” – деді Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев.  

Айта кетейік Айбек Дәдебаев биыл ақпан айында ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайындалған еді. Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін, осы оқу орнының магистратурасын тәмамдаған, халықаралық құжаттанушы, магистр-аймақтанушы.

Әр жылдары Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті халықаралық туризм менеджменті кафедрасында, ҚР Парламенті Сенаты Аппаратында, Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы Тұрақты Өкілдігінде, ҚР Президенті Кеңсесінде, ҚР Президенті Іс басқармасында қызмет атқарған.