«Қазақстанға емес, Ресейге жанкүйермін»: Азамат Мұсағалиев Ұлттық құрама туралы

Ulysmedia

Белгілі ресейлік әзілкеш Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы туралы пікір білдіріп, оған ешқашан жанкүйер болмағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әлеуметтік желіден

Cappuccino & Catenaccio show подкастында Мұсағалиевтен Қазақстан Ұлттық құрамасының Еуро-2024 іріктеуіндегі және ұлттар лигасындағы соңғы жетістіктеріне қатысты сұраған.  

"Мен қазақпын. Бірақ Қазақстан жанкүйерлерінің көңіліне тисе де айтайын мен Қазақстан құрамасына ешқашан жанкүйер болмадым. Мен Ресей Федерациясының азаматымын және әрқашан Ресей құрамасын қолдадым. Мен Қазақстан құрамасын ешқашан бақылаған емеспін,”-  деп жауап берді Мұсағалиев.  

Айта кетейік, Азамат Мұсағалиев Астрахан облысының Камызяк қаласында дүниеге келген. Көңілді тапқырлар клубы (КВН) арқылы көпшілікке танылған әзілкеш. 

Мұсағалиевтің басы бұған дейін де даудан арылмаған еді. Ол жетекшілік ететін “Камызяки” ұжымының концерті әуелі Қазақстанда жоспарланып, кейін петициядан соң өтпейтіні белгілі болған. 

Мұсағалиев Донбастың Гитлер режимінен босатылғанына 80 жыл толуына орай Саур-Могилада өткен үлкен концертке қатысқан еді.

"Әзілкештер үшін адамның күлімсірегенін көру – нағыз марапат. Жанарымен және жүрегімен күлетін адамдармен кездесу бізді қатты шабыттандырады. Сондықтан оларға үлкен рахмет, бүгін олармен жүздескенімізге қуаныштымыз", - деп атап өтті ол.

2022 жылдың қарашасында Мұсағалиев пен соғысты қолдайтын әнші Ольга Бузова мобилизация кезінде елден кеткен ресейліктерді мазақ етті.

2017 жылы әзілкеш өзінің Ресейде туылғанына қарамастан қазақ екенін мәлімдеген.