Маралдыдағы алтын дауы жайлы видео жариялаған блогердің үстінен Астанада іс қозғалды

Аян Өрібай

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылындағы алтын дауына байланысты блог түсірген блогер Қарлығаш Жақсыбайдың үстінен әкімшілік іс қозғалды. Ulysmedia.kz тілшісіне мұны экобелсендінің өзі айтты. Қарлығаш тағылған айыппен келіспей, қорғану үшін адвокат жалдағалы отыр.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Іс не үшін қозғалып отыр

Қарлығаш TikTok желісінде белсенді. Экобелсенді ретінде саланың мәселелеріне назар аударып, ролик жариялап тұрады. Парақшасында 100 мыңнан астам оқырманы бар.

Таяуда Астана қаласының Есіл аудандық полиция басқармасы Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылында салынып жатқан алтын өндіретін фабрикаға қатысты оның үстінен "жалған ақпарат тарату" бабымен әкімшілік іс қозғаған. Әуелі бұл жөнінде әлеуметтік желіде Қарлығаш Жақсыбайдың өзі хабарлады.

– Олар менің үйіме 11 мамырда келді. Менің Конституциялық құқығымды бұзды. Біріншіден, мен талап еткеннен кейін ғана әйтеуір өзін-өзі таныстырды. Екіншіден, ешбір қағазсыз мекемесіне баруымды ұсынды. Әлбетте, мен ешқайда бармадым. Олар 13 мамырда тағы келіп, еш нәрсені түсіндірмей, бөлімшеге алып келді. Әңгіме болады деді. Келсем, ешқандай қақымды айтпай, хаттама толтыра бастады. Хаттама толтырған полиция қызметкері әңгіме не жайлы екенінен де хабарсыз, – дейді блогер.

Қарлығаш Жақсыбай Ішкі істер министрлігіне үндеу жасап, не себепті полиция қызметкерлері қарапайым адамдардың құқығын бұзатынын сұрайды. 

– Маралдыға қатысты соңғы жарияланымдарымның біріне байланысты шағым түскен. Өйткені Маралды ауылының іргесінде цианид қоспасын пайдаланатын алтын фабрикасы салынып жатыр. Менің дабыл қағуымның себебі – ол жерде белсенді су жүйесі бар. Оған жол беруге болмайды. Мұның арты үлкен апатқа апарып, біздің тұщы су қорына орны толмас зиян әкелуі мүмкін. Бұл компания менің “Тик-тогымдағы ақпарат жалған әрі ол әлеуметтік араздықты ушықтырып, қоғамдық тәртіпті бұзуға, заңсыз митингтерге апарады” деп санайды. Менің видеомды көрмегендер болса, көріңіздер. 7 мамырда санкцияланбаған жарылыс жайлы айтты деп айыптайды. Бұл тіпті “қызықты” тақырып. Маралды тұрғындары айтқан осы жарылыстардың артында кім тұрғаны жөнінде әлі білетін боламыз– дейді ол парақшасында.

Экобелсенді тағылған айыппен келіспейді. Сондықтан адвокат жалдағалы отыр.

8 мамырдағы шу

Маралды ауылында жергілікті жұрт биыл 8 мамырда алтын өндіруді көздейтін кәсіпорын алдына тағы жиналған. Бұл жолы ауылға «Байтақ» партиясының өкілдері барған. Партияның ауылдағы жиыны Мәдениет үйінде емес, сыртта өтіп, артынша тұрғындар тау үстіндегі кәсіпорынға жеткенде алдынан компания басшылығы мен автомат асынған арнайы жасақ шыққан. 

Осы видео әлеуметтік желілерде талқыланды. Толығырақ не болғанын әрі неге дауға нүкте қойылмай келе жатқанын Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрген еді.

Дау басылар емес

Осылайша, Маралды ауылындағы алтын дауы өршімесе басылар емес. Былтыр 19 шілдеде маралдылықтар мен алтын зауыты «күзетшілері» арасында болған қақтығыстан кейін 25 шілдеде ауылға тағы да индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі және облыс, аудан әкімдігі билігінен өкілдер барған. Алайда министр, облыс әкімі деңгейіндегі шенеуніктер Маралдыға әлі де аттап басқысы келмейді. Ал ортаңқол шенеуніктердің келгенінен «пайда болмады» деген маралдылықтар одан кейін де президентке үндеу жолдаған.

Маралдылықтар «алтын шаятын қоспалар экологияны ластап, өзенді былғайды, өндірісті қолданылатын цианид халықтың денсаулығына кері әсер етеді» деп есептейді. Ал компания басшылығы оны жоққа шығарып, жұмысты талапқа сай істейтінін айтады.

Маралды ауылының іргесінде Maralicha және Maralicha-Gold деген тау-кен кәсіпорындары жер қойнауын барлап, «ВСАМ Продакшн» компаниясы сол жерге алтын өндіретін фабрика салуды көздейтіні хабарланған. Ал Азаттық басылымының тілшілері фабрика салатын компания иелерінің бірі, кәсіпкер Айдын Рамазановтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен таяуда босаған Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес екенін анықтаған.

Былтыр шілдеде ауылдағы халықтың алтын зауытындағылармен текетіресі қантөгіске ұласа жаздаған. Ulysmedia.kz тілшісі 19 шілдеде Маралдыда болған оқиғаны өз көзімен көріп, портал бетінде баян еткен еді.