Павлодарда ер адам әйелін кілт жоғалтқаны үшін ұрып-соқты

Қалижан Бектемір

Әлеуметтік желіде тұрғын үйдің кіреберісінде соққыға жығылған павлодарлық әйелдің видеосы тарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Фото: видеодан кадр

Не болды

Кадрлардан көрінгендей, ер адам орындыққа шалқасынан жатып, беті мен басын қолымен жауып алған әйелді балағаттап, ұрып-соғады.

Дұрыс ойлана алмайсың. Үйге сенің кесіріңнен кіре алмай тұрмын, мал. Кілтті таппасаң, сенің бетіңді сындырамын, – деп айғайлап, әйелді басынан ұрады.

Оқи отырыңыз: "Жазалау арқылы түзетеміз." Қоғамда агрессорлар көбейіп кетті ме?

Полиция не дейді

Жәбірленушінің мәлімдеме жасаудан бас тартқанына қарамастан, жанжалға қатысушылардың аты-жөні анықталды. Полиция күйеуіне қатысты жанжал бойынша әкімшілік іс қозғады. Оның қорытындысы бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бөлімдегілер әйелін ұрып-соққан ер адамның қашпағанын, ешқайда жасырынбағанын айтты. Полицейлер жанжалға не себеп болғанын сұрағанда, жәбірленуші есіне ештеңе түсіре алмағанын жеткізген.