Қазақстан құрамасының қоржыны бір лицензиямен толықты

Ulysmedia

Париждегі жазғы олимпиада ойындарына баратын Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір лицензия түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

olympic.kz

Стендтік атудан Қазақстан құрамасының спортшысы Әсем Орынбай олимпиадалық лицензияны жеңіп алды.

Сайыста отандасымыз бірінші орынды сақтап, қалған жалғыз квотаның иегері болды.

Еске салайық, Әсем Орынбай Қытайда өткен Азия ойындарында екі бірдей алтын медаль жеңіп алған еді. 

Қазір Қазақстанда 54 лицензия бар.

Бұған дейін

Министр Ермек Маржықпаев жазғы олимпиада ойындарында Қазақстанның туын кім ұстап шығатыны әлі белгісіз деген еді. 

– Әлі шешілген жоқ. Бірақ үміткерлер бар. Біріншіден, бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Асланбек Шымбергенов (71 келі). Екіншіден, қыз спортшы бар. Бірақ оның аты әзірге белгісіз. Енді лицензиялық турнирлер бітеді, содан кейін оның атын айтамыз, – деді Маржықпаев.

Журналистер қазіргі жеңіл атлет Надежда Дубовицкаяда болады деген сыбыс бар, сол көтере ме деп сұраған. Маржықпаев “онда әлі лицензия жоқ, егер спортшыда лиценция болса, бұл мәселені қарастырамыз” деді.

Париждегі Олимпиада

XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамыз аралығында өтеді.

Париж қаласы 2017 жылдың 13 қыркүйегінде Перудің Лима қаласында өткен ХОК-тің 130-шы сессиясында 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қабылдаушы қаласы болып бірауыздан сайланған.

Айта кету керек, бұрын 1900 және 1924 жылдары Олимпиада ойындарын өткізген Париж Ұлыбритания астанасы Лондоннан (1908, 1948 және 2012) кейін үш рет Олимпиада ойындарын өткізген екінші қала болады.

Сондай-ақ, 2024 жыл Париж-1924 ойындарының жүз жылдығымен, сонымен қатар Франция өткізген алтыншы Олимпиада ойындарымен атап өтіледі.