Ресей қорғаныс министрі Қазақстанға не үшін келді?

Сырым Қаржас

Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына келген ресейлік әріптесімен кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.  

ҚР Қорғаныс министрлігінің сайтынан

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Андрей Белоусовты Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады. 

Тараптар екіжақты әскери ынтымақтастықтың өзекті аспектілерін талқылап, кадр дайындау және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымы шеңберіндегі оқу-жаттығуларды қоса алғанда, бірлескен іс-шараларды өткізу мәселелерін қозғады. 

Сондай-ақ, өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл туралы да сөз болды. 2024 жылы Қазақстан ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға, ал Ресей ТМД-ға төрағалық етеді. Тараптар мемлекетаралық бірлестіктердегі ынтымақтастық өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. 

Оның практикалық тұрғыда іске асырылуы көпжақты оқу-жаттығулар шеңберінде де жүзеге асырылады. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов ресейлік әріптесін биылғы жылдың шілде айында Қазақстанның батысында «Бірлестік» оқу-жаттығуы өтетінінен хабардар етті. Бірлескен іс-қимылдардың жоспарына сәйкес Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттері қарулы қақтығыстарды оқшаулауға және заңсыз құралымдарға қарсы іс-қимылға байланысты оқу-жауынгерлік міндеттерді бірлесіп пысықтайды. 

Кездесу қорытындысы бойынша қорғаныс ведомстволарының басшылары көпжоспарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.