Ұлттық банк базалық мөлшерлемені түсірді

Сырым Қаржас

Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,50% дейін 25 базистік тармаққа төмендету жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

ҰБ не дейді

Ұлттық банктің хабарлауынша, биыл сәуір айында инфляция болжамдарға сәйкес төмендеген. Инфляцияның орнықты бөлігі баяулағаны байқалған. Бағаның жалпы динамикасына қарамастан, халықтың инфляциялық күтулері су тасқынына және тұрғын үй коммуналдық қызметтер (ТКҚ) реформасының жалғасуына байланысты өскен. Сыртқы инфляциялық жағдай, орталық банктердің тежеу саясаты әсеріне және әлемдік азық-түлік нарықтарындағы баға динамикасына сәйкес нейтралды қалыпта бағаланып отыр. Экономика ішіндегі проинфляциялық қысым фискалдық ынталандыру, ТКҚ реформасы, орнықты ішкі сұраныс себептерінен сақталған.

– Ортамерзімді келешекте 5%-дық инфляция бойынша мақсатқа жету ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізуді қажет етеді. Инфляцияның орнықты бөлігінің тұрақты түрде баяулауы базалық мөлшерлемені бұдан әрі байыппен төмендетуге жағдай жасайды. Қазіргі ақша-кредит шарттары инфляциялық үдерістердің баяулау қарқынын бекітуге және инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға бағытталған, – делінген хабарламада.

Сыртқы әсер

Сыртқы инфляциялық жағдай нейтралды қалпында бағаланады. Өсімдік майларын қоспағанда, азық-түліктің барлық түрінің әлемдік бағасы жылдық мәнде төмендеп келеді. Сыртқы ақша-кредит шарттары қатаң болып қалуда: ФРЖ да, ЕОБ да әзірге монетарлық шарттарды жеңілдетуге көшкен жоқ және мөлшерлемелерді шектеуші деңгейде ұстап отыр.

Қысқамерзімді келешекте Ресей тарапынан сыртқы инфляциялық қысымның біршама күшеюі байқалады. Алайда, Ресей орталық банкінің қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау бойынша ұстанымын ескере отырып, 2025 жылдың соңына қарай мақсатқа оралады деп күтіледі.