Қазақстанның бірде-бір азаматы өз еркінен тыс Ресей үшін соғысып жүрген жоқ — СІМ

Аян Өрібай

ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Ресей жағында Украинада соғысып жатқан қазақстандықтар жөнінде БАҚ-қа тараған мәліметке түсініктеме берді, хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

СІМ өкілі не деді

Журналистер Айбек Смадияровтан Ресейде тергеу жүргізіп жатқан қазақстандықтарды Украинаға соғысқа апарып жатыр ма деп сұрады.

"Мен мұны тағы бір рет жоққа шығарғым келеді. Бірде-бір азаматымыз өз еркінен тыс жауынгерлік әрекеттерге араласпайды", - деп жауап берді ол.

ҚР СІМ өкілі бірнеше қазақстандықтар Ресейде есірткі тасымалдау бойынша Telegram-арналар арқылы жұмыс барын біліп, сол елге кеткені жөнінде ақпарат барын хабарлады.

"Әрине, бизнестің бұл заңсыз түрі Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарының назарына түсті. Олар ұсталды, қазір осы азаматтардың туыстарымен тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, біз байланыстамыз. Осы 5-6 фактінің барлығы біздің бақылауымызда. Мен олардың ата-аналарының, туыстарының балаларын дереу Қазақстанға жеткізуді талабын түсінемін. Бірақ қылмыс Ресей аумағында жасалғандықтан, оларды, әрине, Ресей Федерациясының соты айыптайды. Сотталғаннан кейін ғана Қазақстан аумағында өз жазасын өтеу үшін ауыстыру туралы сөз болуы мүмкін", - деді ол.

Қазақстандықтар Украинадағы соғыста

Украинада соғысып жатқан қазақстандықтар туралы ресми ақпарат жоқ. ҰҚК бұл мәліметтер қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатады деп мәлімдейді.

Соған қарамастан, Украинада соғысып жатқан қазақстандықтар туралы хабарламалар БАҚ-та жазылады.