Қазақстан елшілерінің Лондон мэриясы алдындағы қарызын өтей ме

Аян Өрібай

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың деректері бойынша, қарызы бар елшіліктер жариялаған Лондон мэриясы тізімінің деректері 2003 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңді қамтиды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

istockphoto

Бұған дейін Ұлыбританияның мемлекеттік Transport for London (TFL) компаниясы борышкер елшіліктердің тізімін жариялаған болатын. Олардың ішінде қарызы 4,6 млн фунттан асқан Қазақстан елшілігі де бар.

Толығырақ

Бұл жайтты ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров түсіндірді. Оның айтуынша, деректер 2003 жылдан 2023 жыл аралығын қамтиды.

– 2003 жылдан бастап британ астанасының орталығына (көлікпен) кіру үшін төлем енгізілген. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің ғимараты Лондонның ортасында орналасқан. Онда жүргізушілер жұмыс күндері сағат 07:00-ден 18:00-ге дейін, ал демалыс әрі мереке күндері сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін кіру үшін 15 фунт төлеуі керек. Яғни, елшілік қызметкерлері өз аумағына баруына төлем салынып отыр. Лондондағы шетелдік дипломатиялық корпустың – сол аумақтағы елшіліктердің жалпы пікірі бойынша бұл төлем жергілікті салық ретінде саналады. 1961 жылғы дипломатиялық қарым-қатынас туралы Вена конвенциясында көрсетілгендей, дипломаттар жергілікті салықтан босатылған, - деді Айбек Смадияров министрліктегі апталық баспасөз мәслихатында.

Бұл алым жергілікті салық. Яғни, ешқандай айыппұл емес.

– Сонымен, елшілігіміздің Лондонның дәл орталығында болғаны "жолының болғаны ма" білмеймін, соманың қомақты болуының да себебі сол, - деп түсіндірді Смадияров.

Ақпарат қайдан шықты

Бұған дейін TFL ақпарат көзі Лондон мэриясының бақылауындағы британ мемлекеттік Transport for London (TFL) компаниясы соңғы 20 жыл ішінде ақылы жол жүру аймағына кіру ақысын төлемеген борышкер елшіліктердің тізімін жариялаған еді.

Зиянды шығарындыларды азайтып, ауа сапасын жақсарту мақсатында Лондонның орталық бөлігіне кіретін көліктерден 15 фунт алым алынады. 2003 жылы енгізілген жүйе. Ол алдымен күніне 5 фунт болған, бірақ біртіндеп өсіп, 2005 жылы 8 фунтқа дейін, 2011 жылы 10 фунтқа дейін, 2014 жылы 11,5 фунтқа дейін, ал 2020 жылы 15 фунтқа дейін көтерілген.

2003-2023 жылдар аралығында Ұлыбританиядағы барлық елшіліктердің дипломаттары Лондонның ақылы жол жүру аймағына кіру үшін 145,5 миллион фунт қарыз жинаған. Борышкерлер тізімінің басында 14,6 миллион фунт қарызы бар АҚШ, одан кейін Жапония (10 миллион фунт), Үндістан (8,5 миллион фунт), Нигерия (8,4 миллион фунт), Қытай (7,9 миллион фунт), Ресей (6 миллион фунт), Польша (5,2 миллион фунт) және Гана (5 миллион фунт) бар. Қазақстан 4,65 млн фунт (шамамен 5 5,9 млн) берешек сомасымен 9-шы орында тұр.