Алматыда газбен қамтитын компания 65 млн теңгеден аса айыппұл арқалады

Ulysmedia

Алматыдағы газбен қамтамасыз ету компаниясына негізсіз табыс тапқаны үшін 65 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Осыған байланысты мыңдаған тұтынушыға өтемақы беру мақсатында арнайы тариф енгізіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: egemen.kz

Не болды

Прокуратура мәліметінше, жеке компания газбен жабдықтау желілеріне қосу кезінде тұтынушылардың қаражаты есебінен инвестицияларды пропорционалды емес өтеу арқылы үстемақыны теріс пайдаланған.

Сондай-ақ компанияның табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган бекіткен тарифтен асып кеткені, негізсіз кіріс алғаны белгілі болды, - делінген хабарламада.

Әкімшілік айыппұл салынды

Прокурорлық қадағалау актісін қарау кезінде кәсіпкерлік субъектіге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 159, 164-баптары бойынша 65 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

Сонымен қатар 14 мыңнан астам тұтынушының құқығын қалпына келтіру мақсатында өтемақы тарифін енгізу туралы уәкілетті органға тапсырма берілген.