СҚО-да есірткі сатқан жасөспірім 5 жылға сотталды

Ulysmedia

Солтүстік Қазақстан облысында есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкенге жұмыс істеген 17 жастағы жасөспірім жігіт 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «жеңіл ақша» таппақ болған жасөспірім Петропавлдағы колледждердің бірінде оқыған. Оны есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өткен жылдың қараша айында ұстады. Жеке тінту кезінде жасөспірімнен салмағы 50 гр болатын аса ірі көлемдегі «α-PvP» есірткісі тәркіленді.

Тергеу барысында ол барлық сұраққа белсенді жауап берді. Биыл сәуір айында үкім шығарылған кезде ол 18 жасқа толмаған еді. Осыны ескере отырып, сот жазаны қысқарту туралы шешім шығарды. Соған қарамастан, жігіт жастық шағының 5 жылын бас бостандығынан айыру орындарында өткізеді. Үкім заңды күшіне енді.