«Каспийіме жібере салыңыз» – кәсіпкерлер енді салықтан жалтара алмайды

Аян Өрібай

Дүкендердің көбінде қазір салықтан жалтарғысы келетін иелері тауар немесе азық-түлік үшін ақшаны аударым арқылы алғысы келетіні жасырын емес. Тіпті дүкеніне көбінде Каспий банкке тіркелген нөмірін де жазып қоятындар көп. Салықтан жалтарғысы келетін осындай кәсіпкерлерге мемлекет алда шектеу қойғалы отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Фото: Ашық дереккөзден

«Шынында да бізде кейінгі кездері кәсіпкерлік субъекттері мобильді аударымды кеңінен қолдана бастады. Кәсіпкерлердің кейбірі өзінің салықтық міндетін орындамайды, түбіртекті фискалдаудан өткізбейді. Тиісінше ақша аударымын жауып, табысын жасырып, салық төлеуден жалтарады. Осы заң жобасы арқылы біз мобильді төлемдер дегеннің не екенін нақтылағымыз келеді», - деді салық кодексіне енгізілетін өзгерістер жайлы мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің төрағасы  Сергей Симонов.

Оның айтуынша, бұл – салық кодексіне енгізіліп жатқан төлемнің бірі. Себебі бізде салық кодексінде тек төлемнің екі формасы ғана қарастырылған. Бұл – қолма-қол төлем және карта арқылы төлеу (пост-терминал, яғни түбіртекті міндетті түрде беру).

«Оған қоса уәкілетті орган мен екінші деңгейлі банктердің бірлескен жұмысы күшейтіледі. Яғни олар кәсіпкерлік субъектісі мен жеке тұлғалардың бір-біріне қанша ақша аударғаны туралы мәліметті бір-біріне беріп отырады. Бұл жерде банктер оған қоса кәсіпкерлер қазір қолданатын өзінің қаржылық өнімдерін жетілдіруі керек болады. Демек шоттар жеке және бизнесті жүргізу үшін деп бөлінеді», - деді ол.

Сергей Симоновтың сөзінше, екіншіден, мобильді төлем кезінде түбіртек беру үрдісі жеңілдетіледі. Яғни мобильді қосымшалар жетілдіріледі. Бұл нормалар кәсіпкерлерге бизнесті жүргізу үрдісін, тиісінше, аралық және жартыжылдық есепті беруде жұмысты оңтайландырады.

«Бұл норма тұтынушылардың құқығын қосымша қорғайды. Тауарды сатқан кәсіпкер түбіртек беруге міндеттеледі. Салық жүктемесі кәсіпкерлерге қосымша түспейді. Бар-жоғы кәсіпкерлерді салық тәртібін сақтауға міндеттейді», - деді ол.

Қарапайым тілмен айтқанда Каспий банк қосымшаңыздағы «Аударымдар» (Переводы) деген айдардан бөлек «Төлемдер» (Платежи) деген бизнеске арналған жеке айдар пайда болады. Кез келген адам дүкенге барғанда кәсіпкерге қай төлеммен ақша бергісі келетінін өзі шешеді. Егер мемлекетке салық түскенін қаласа, тұтынушы «Төлемдерді» таңдайды. Бұл жерде де мемлекетке қанша салық түсетіні әр азаматтың өз жауапкершілігіне жүктелгелі отыр.