Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге үндеу жасап, мал бағасын орынсыз көтермеуге, азық-түлік бағасын түсіруге шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Біз қашан да өзгелерге қайырымдылық жасап, айналамызға шуағымызды төгіп, үлкендердің алғысы мен батасын алып, өсіп-өнген елміз. Осы ретте еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Құрбан айтты атап өтудің негізгі мақсаты – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін берекелі сәттерде халқымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Еске салсақ, Қазақстанда онлайн құрбандық шалатындар үшін qurban2024.kz сайты іске қосылды. Мұсылмандар діни басқармасының мәліметінше, Құрбан айт 16 маусымда басталады.
Мейрам күндері не істеу керек?
Астанада құрбан шалуға болатын орындар бекітілді.