Қазақстанда кореялық банк ашылады: активі қанша, әсері қандай

Ulysmedia

Қаржы нарығын зерттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова шетелдік банктің жоспарларына түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Агенттік төрағасы не дейді

Микроқаржы ұйымының екінші деңгейдегі банкке айналуы Қазақстанда алғаш рет орын алуда. Мұндай ауысуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиісті заңнамалық базаны біз өткен жылы қабылдадық. Бұл процестің ерекшелігі – микроқаржы ұйымының өз қызметін тоқтатудың қажеті жоқ және банктік лицензия алғанға дейінгі кезеңде микроқаржы ұйымы операцияларды стандартты режимде жалғастырады.

Қаржы реттеушісі ретінде біз осындай бірінші рұқсатты бердік және бұл халықаралық қаржы конгломератын білдіретін шетелдік банк екендігі қуантады. Бұл  – бүкіл бүкіл нарық үшін маңызды оқиға, – деді Әбілқасымова.

BNK Finance Kazakhstan кореялық BNK Financial Group Inc құрылымына кіреді, ол $129 млрд мөлшеріндегі активтері бар аса ірі қаржы конгломераты болып табылады. BNK Financial Group Inc тобының құрылымына 7 еншілес ұйым, оның ішінде 2 банк (Busan Bank және Kyongnam Bank) және 4 инвестициялық компания (BNK Capital, BNK Venture Capital, BNK Securities, BNK Asset Management) кіреді. 

Топтың әр түрлі елдерде, соның ішінде Қытайда, Үндістанда, Вьетнамда активтері бар.

Топқа кіретін екі Kyongnam Bank (активтері $37,5 млрд) және Busan Bank (активтері $57,3 млрд) банктерінің 300-ден астам филиалы және «А2» халықаралық рейтингтері бар. 

BNK Finance Kazakhstan МҚҰ Агенттіктің 2021 жылғы сәуірден бастап лицензиясына ие. Тікелей МҚҰ акционері $6,7 млрд мөлшеріндегі активтері бар BNK Capital болып табылады.  Үш жыл ішінде Қазақстанда МҚҰ активтері 5 есеге ұлғайып, 20,3 млрд теңгені құрады. Кредиттік портфель 6 есеге ұлғайып, 18,8 млрд теңгеге жетті. МҚҰ кредиттік портфельдің жоғары сапасына ие, NPL90+ деңгейі кредиттік портфельдің  4,3%-ын құрайды.

Бүгінгі күні Оңтүстік Корея Қазақстанның маңызды сауда серіктесі және жетекші шетелдік инвесторлардың бірі болып табылады. 2005 жылдан бері Қазақстанға Кореядан тартылған инвестициялар көлемі 9,6 млрд АҚШ долларын құрады. 

2023 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 6,0 млрд АҚШ долларын құраған Оңтүстік Корея Қазақстанның көлемі жөнінен 4-ші сауда әріптесі. 

Ол банк секторындағы бәсекелестікті күшейтеді

Кореяның еншілес банкінің қызметі бизнес субъектілерінің сауданы қаржыландыру құралдарына, экспорттық-импорттық операцияларды кредиттеуге, ұлттық валютада есеп айырысу тетіктеріне қол жеткізуі арқылы өзара сауданың өсуі үшін жаңа мүмкіндіктерді қамтамасыз ететініне сенімдімін.

BNK Finance Kazakhstan-ның жаңа рөлі мен мәртебесі банк секторындағы бәсекелестікті күшейтеді. Жаңа банктің пайда болуынан бірінші кезекте клиенттер, қаржылық қызметтерді тұтынушылар ұтады. Шетелдік банк халықаралық топтың үздік корпоративтік стандарттарына сәйкес қаржылық қызметтер көрсетеді.

Жаңа ойыншының үлкен және өршіл жоспарлары бар. Шетелдік банк ШОБ-ты кредиттеуді, корпоративтік кредиттеуді, сауда-саттықты қаржыландыруды, қаржы лизингін, жобалық қаржыландыруды және бөлшек бизнесті қаржыландыруды жоспарлап отыр», - деп мәлімдеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Салтанатты тапсыру рәсімі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары шеңберінде ұйымдастырылған Қазақстан-Корея бизнес-форумының аясында өткенін еске саламыз.

Шетелдік банктің ашылуы Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың өткен жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы барысында айтқан тапсырмасына сәйкес келеді.

Еске салсақ, еліміздегі корейлік BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы банкке айналатынын хабарлаған болатынбыз.