Қазақстан өкілдері Украина бойынша саммитке неге бармады: Сыртқы істер министрлігі түсіндірді

Қалижан Бектемір

Сыртқы істер министрлігі Қазақстан өкілдері Украинаның «Бейбітшілік формуласын» талқылауға арналған жаһандық бейбітшілік саммитіне неге қатыспағанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: president.gov.ua

СІМ не дейді

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров жүктелген кестеге байланысты Қазақстан өкілдері саммитке қатыса алмағанын айтты.

Қазақстан саммитке халықаралық іс-шаралар кестесі негізінде қатысқан жоқ. Біз өз мүдделерімізге сүйенеміз, – деді ол журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Құжатта не делінген

Декларацияда Украинада жан-жақты, әділ әрі берік бейбітшілікке қол жеткізудің негізі - БҰҰ жарғысы және "аумақтық тұтастық пен егемендікті құрметтеу” бола алады делінген.

Коммюникенің толық мәтінін Украина президентінің кеңсесі жариялады. Онда Ресей басып алған Запорожье атом электр станциясын Украинаның толық бақылауына қайтару, Украинаға азық-түліктің үздіксіз өндірісі мен жеткізілуін қамтамасыз ету, Қара және Азов теңіздеріндегі теңіз порттарына толық қолжетімділікті қамтамасыз ету, барлық әскери тұтқындарды босату, барлық депортацияланған украин балаларын және басқа да бірқатар пункттерді қайтару туралы үндеу бар.

Сондай-ақ, құжат қазіргі соғыста ядролық қарудың кез келген қауіп-қатерін немесе қолданылуын, сондай-ақ азаматтық порттарға шабуыл жасауды және азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа әрекеттерге жол берілмейді делінген.

Саммит

Украина бойынша Бейбітшілік саммиті 15-16 маусымда Швейцарияда өтті. Ол Киевтің бастамасымен Украинаның "бейбітшілік формуласын” талқылау үшін ұйымдастырылды. Конференцияға 160-тан астам ел шақырылды, алайда 92-сі ғана қатысты. Ресей саммитке шақырылмады. Саммитке Қазақстаннан да ешкім қатысқан жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін саммитке Азия елінің тек үш елінен өкілдер баруға келіскен болатын. Мамыр айының соңында Зеленский Орталық Азия елдерінің басшылары Ресей федерациясынан қорқып, "Кремльдің көңіліне қарайды" деп мәлімдеді.