Қазақстанның +77 телефон кодында қалғаны дұрыс – министр Мәдиев

Аян Өрібай

Ulysmedia.kz тілшісі цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев Қазақстан не себепті +997 телефон кодына көшуден неге айнып қалғанын сұрады.

 

Коллаж: ulysmedia.kz.

Министр не дейді

– Біз +77 кодын қолдану – адамдарға ыңғайлы деп ойлаймыз. Мысалы, ұялы телефондарда бағдарламалар бар ғой. Оларды ауыстырмас үшін, телефондардың байланыс нөмірлерін ауыстырмас үшін +77 ыңғайлы деп ойлаймыз. Сондықтан, соны қалдырған дұрыс деп ойлаймыз, – дейді ол.

+997-ге ауыстыру үшін біршама талқы, жұмыс атқарылды. Ол бағытта қанша қаражат кетті? Бұл сұрақ та Мәдиевке қойылған.

– Қанша қаражат кеткенін мен қазір айта алмаймын. Бірақ анализ, консультация бойынша +77 қалған дұрыс деп ойлаймыз, – дейді министр.

Шешім

Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанның телефон кодын өзгеріссіз қалдыру жөнінде шешім қабылдаған еді. Ведомство 2021 жылы Қазақстанда +997 халықаралық телефон коды сақталғанын, алайда кейінірек жаңа кодқа көшірілетінін хабарлаған. Бірақ мұның бірқатар қаржылық және технологиялық проблемаларға әкеп соқтыратыны аталып өтеді.

"Сонымен қатар, отандық байланыс операторларының барлық абоненттерінде мемлекеттік және банктік қызметтерді, әлеуметтік желілерді және түрлі қосымшаларды алу үшін барлық сервистерде өз деректерін жаңарту қажеттілігі туындайды", — делінген хабарламада.

Министрлік халықаралық телекоммуникация одағымен тағы да келіссөздер жүргізіп, +7 телефон кодын өзгеріссіз қалдыруды жөн деп шешкен.

"Ресей мен Қазақстан Үкіметі арасында дүниежүзілік нөмірлеудің 7-ші аймағының нөмірленуін пайдалану туралы жаңа келісім жасасу мәселесі пысықталды", - деп толықтырды ведомстводан.

Қазір жобаны келісу бағытында Ресей нотасын алу күтіліп отыр.