СҚО-да алауыздық тудырды деген күдікпен ұсталған ер адам полиция қызметкеріне шабуыл жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не болды
Есіл ауданының тұрғыны діни алауыздықты қоздыру белгілері бар материал жариялаған. Бұл интернет-кеңістікке мониторинг жүргізу барысында анықталды.
Аталған факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу әрекеттері барысында мән-жайды анықтау үшін аудан орталығының тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді.
Полиция не дейді
Тәртіп сақшылары тексеру мақсатымен ер адамнан iPhone14 телефонын беруді сұрады. Бірақ жергілікті тұрғын олардың заңды талабын елемей, құрылғыны сындырмақ болды. Полицейлер оның әрекетін тоқтатты, бірақ ер адам қызметкерлердің бірінің бетіне соққы жасады. Күдікті ұсталды. Оған қатысты алауыздықты қоздыру және билік өкіліне күш көрсету фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Денсаулыққа келтірілген зиянның дәрежесін сараптама көрсетеді, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.