Тағы бір мемлекет Палестинаны ресми түрде мойындады

Сырым Қаржас

Армения Палестинаны мемлекет ретінде мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

21 маусым – жұма күні Армения сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Палестинаны Армения мемлекет ретінде танитыны жөнінде шешім қабылдағанын хабарлады. Ресми мәлімдемеде Газа секторындағы апатты гуманитарлық жағдай һәм жалғасып жатқан әскери қақтығыс жедел реттеуді қажет ететіні және халықаралық күн тәртібіндегі бірінші кезектегі мәселелердің бірі екені аталып өткен. 

– Армения Республикасы Азаматтық инфрақұрылымдарға жасалған шабуылдарды, бейбіт тұрғындарға қатысты зорлық-зомбылықты, кепілге алуды және қарулы қақтығыс кезінде бейбіт тұрғындарды тұтқындауды қатаң айыптайды. Біз халықаралық бірлестіктердің тұтқындарды шартсыз босату жөніндегі талаптарына қосыламыз, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, мәтінде Армения БҰҰ Бас Ассамблеясының Газа секторындағы атысты дереу тоқтатуға шақырған қарарларын қолдайтыны көрсетілген. Сыртқы істер министрлігі Арменияның Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға, сондай-ақ еврейлер мен Палестина халықтары арасындағы ұзақ мерзімді бейбітшілікке мүдделі екенін атап өтті.

– Әртүрлі халықаралық форумдарда біз әрқашан Палестина мәселесін бейбіт және жан-жақты шешуді жақтадық. "Екі мемлекет"қағидаты негізінде Израиль-Палестина қақтығысын шешуді қолдауды жалғастырамыз. Біз бұл палестиналықтар мен израильдіктердің заңды ұмтылыстарын жүзеге асырудың жалғыз жолы екеніне сенімдіміз, — деп қосты СІМ.

Осылайша, Армения Республикасы Палестина мемлекетін мойындай отырып, халықаралық құқыққа, теңдік, егемендік және халықтардың бейбіт қатар өмір сүру принциптеріне адалдығын растайды, деп қорытындылады ведомствоның баспасөз қызметі.