Оңтүстік Корея КХДР шекарасына жақын жерде артиллериямен жаттығу өткізді

Сырым Қаржас

Оңтүстік Корея Кенгидо және Канвондо провинцияларында артиллериялық бөлімшелерімен жаттығу өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Yonhap

Оңтүстік Корея КХДР-мен шекарада артиллериямен оқ атқаны белгілі болды. Бұл алты жылда алғаш рет болып отыр, деп жазады Yonhap.

Оңтүстік Корея мен КХДР арасындағы шиеленісті азайту келісімдеріне сәйкес жаттығулар алты жыл бұрын тоқтатылған.

Жаттығулар Кенгидо және Канвондо провинцияларында K-9 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыларының қатысуымен өтті.

Бұған дейін КХДР Оңтүстік Кореяға 1 мыңнан астам қоқыс шарларын жібергені туралы хабарланған болатын. Бұл Солтүстік Корея режимін сынаған парақшаларды таратқан Оңтүстік Корея белсенділерінің науқанына жауап болған. 

Оңтүстік Корея әскерилері сенбіден бері екі жүзден астам қоқысты тіркеді. Жергілікті тұрғындарға ескерту жіберіліп, жерге құлаған нысандарға жоламау сұралды.

Соңғы апталарда КХДР Оңтүстік Кореяға қарай 1000-ға жуық қоқыс толы шар ұшырған.

Бұған жауап ретінде Оңтүстік Корея шиеленісті азайту туралы 2018 жылғы келісімді тоқтатты және шекарада әскери жаттығулар мен үгіт-насихат хабарларын қайта бастады.