Путиннен сұхбат алған америкалық журналист Зеленскиймен де әңгімелеспек

Айнель Аянова

2024 жылдың ақпан айында Ресей президенті Владимир Путинмен сұхбаттасқан америкалық журналист Такер Карлсон жақында Украина президенті Владимир Зеленскиймен сұхбатын шығаруы мүмкін екенін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Такер Карлсонның бағдарламасынан алынған кадр

«Зеленскийден сұхбат алдық. Екі жыл бойы, әсіресе, ақпан айында Путиннен сұхбат алған соң осыған талпынған едік. Мақсат – америкалықтарға елдің әлемдегі орнын түбегейлі өзгертіп жатқан қақтығыс туралы қажетті ақпаратты жеткізу», – деп жазды ол әлеуметтік желілерде.

Сұхбаттың нақты қашан шығатыны белгісіз.

«Жақын арада шығарамыз деп үміттенеміз», - деп жазды Карлсон.

Такер Карлсон – америкалық саяси шолушы, журналист. Fox News арнасында «Такер Карлсонмен кеш» атты саяси ток-шоу жүргізген. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың ең ықпалды жақтаушыларының бірі саналады.

2024 жылдың ақпан айында Ресей президенті Владимир Путиннен алған екі сағаттық сұхбаты әлемде үлкен реакция тудырған еді. Батыс оның Мәскеуге баруын қатаң сынға алса, кремльшіл БАҚ оны ең ықпалды, әрдайым шындықты айтатын журналист деп атаған.