Қазақстанда 2% адам ғана үйден тыс жерде тамақтанады

Ғалиасқар Думан

Әлемдік рейтингте Қазақстан дамыған елдерден, сондай-ақ әлемнің дамушы экономикаларының көпшілігінен асып, азық-түлікке жұмсалатын шығыс үлесі жоғары елдерге жатады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ 50%-ын АЗЫҚ-ТҮЛІККЕ ЖҰМСАЙДЫ

Ұлттық банк дерегінше, жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің едәуір өсуіне қарамастан, елдегі тұтыну әрекеті өзгеріссіз қалып отыр. 

“Халықтың азық-түлікке жұмсалатын шығысының жоғары үлесі Қазақстандағы тұтынудың ерекшелігі саналады. Олардың үлесі елдегі қолайлы экономикалық жағдайға қарай 45%-ға өзгеріп, дағдарыс кезеңдерінде 50%-дан асып түседі. Соңғы деректер бойынша азық-түлікке жұмсалатын шығыс үлесі жиынтық шығыстың 50%-дан астамын алады”, – деп жазылған Ұлттық банк талдауында

ХАЛЫҚТЫҢ ҚАНША ПАЙЫЗЫ СЫРТТАН ТАМАҚТАНАДЫ?

Қазақстанда қалыптасқан тұтыну маңыздылығы себептерінің бірі – үйде тамақ дайындап, үйден тамақ ішуге байланысты қалыптасқан әдеттер. Үйден тыс жерде тамақтануға жұмсалатын шығыс үлесі аз және 2011 жылдан бері аса өзгерген жоқ (2011 жылы 2,9%, 2022 жылы – 2,2%).

Азық-түлікке жұмсалатын шығыстың жоғары деңгейіне халықтың әл-ауқат деңгейі де әсер етеді.

“Жан басына шаққандағы тұтыну шығысы ең төмен және азық-түлікті сатып алу шығысының үлесі жоғары өңірлер ел бойынша төлем қабілеттілігінің салыстырмалы түрде төмен деңгейімен сипатталады. Олардың қатарында Түркістан облысы және Шымкент қаласы, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстары бар”, – деп жазылған хабарламада. 

ТҰТЫНУ ШЫҒЫНЫ ҚАЙ ҚАЛАДА ЖОҒАРЫ

Жан басына шаққандағы тұтыну шығысының көлемі жағынан Алматы қаласы басқа өңірлерге қарағанда үлкен алшақтықпен, сондай-ақ Астана қаласы көш бастап тұр.

Сарапшылар бұл ретте халықтың материалдық жағдайының біршама нашарлағаны байқалады, ол тұтынуға пайдаланылған кірістің ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасымен арақатынасының медианасында көрінетінін атап өтеді. Зерттеушілер бұл халықтың кірісімен салыстырғанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің озық өсуіне байланысты болатынына сенімді.