Оннан астам талапкер оқуға жалған ҰБТ сертификатын тапсырған

Ғалиасқар Думан

Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ сертификаттарын қолдан жасау әрекеттері туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

“Биыл жалған ҰБТ сертификаттарын ұсыну жағдайы анықталды. Қазіргі уақытта грант конкурсына құжаттар қабылдануда және қабылдау комиссияларына жалған сертификаттар ұсыну бойынша 10-нан астам әрекет тіркелген”, – деп жазылған хабарламада.

Орталық өкілдері ҰБТ сертификатын қолдан жасау мүмкін емес екенін айтады.

“Әрбір сертификатта оның түпнұсқалығын бірден тексеруге мүмкіндік беретін бірегей QR коды бар. Сондай-ақ, ҰБТ сертификаты ресми құжат болып табылады және оны қолдан жасау ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады”, – деді олар.

Ұлттық тестілеу орталығы сертификаттарды қолдан жасауға тырысудың барлық жағдайы тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданатынын ескертті.