Екі әкімге қатаң сөгіс жарияланды

Әлихан Асқақ

Ақмола облысы Жарқайың ауданы мен Ерейментау ауданының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

дереккөз

Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада Жарқайың ауданының әкімі Жанболат Хамитовке су тасқынының салдарын жою жөніндегі бірқатар тапсырмаларын тиісінше орындамағаны үшін, ал Ерейментау ауданының әкімі Нұрлан Мұқатовқа қоқыс шығару бойынша жұмыстың тиісті деңгейінде жүргізілмегені үшін қатаң сөгіс жарияланды.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасын орындамаған қос әкім облыс басшысының өкімімен тәртіптік жазаға тартылды.

Жарқайың ауданының әкімдігі белгіленген мерзімде пәтерлер мен үйлер сатып алу, сондай-ақ су тасқынынан келтірілген мүліктік зиян үшін өтемақы төлеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды аяқтамады, тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттарды уақытында қалпына келтіру мен рәсімдеуді қамтамасыз етпеді, соның салдарынан зардап шеккен отбасыларға үй сатып алу мерзімдері өзгерді. Халықпен жүргізілетін алдын алу жұмысының осалдығы тұрғындардың наразылығына әкелді – делінген хабарламада.

Ал Ерейментау ауданының орталық көшелерінде егеуқұйрықтар мен антисанитарияның орын алуына байланысты жағдай ушығып кетті.

Сонымен қатар, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың ауданды абаттандыру жөніндегі тікелей тапсырмасына да, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі бірқатар жарияланымдардан кейін де аудан әкімдігі тарапынан тиісті назар аударылмаған – делінген баспасөз хабарламасында.