Wildberries иесі "рейдерлік басып алу" туралы пікір білдірді

Ғалиасқар Думан

Wildberries маркетплейсінің иесі Татьяна Бакальчук Рамзан Қадыровтың компанияны "рейдерлік басып алу" туралы сөзіне пікір білдіріп, күйеуі Владиславпен ажырасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

23 шілдеде Татьяна Бакальчук бейнеүндеу жариялап, компанияның тек 1% акциясы күйеуіне тиесілі екенін айтты. 

«Мені ешкімнен құтқарудың қажеті жоқ. Владиславтың неге және қандай мақсатпен басқа адамдарды адастырып жүргені және рейдерлік туралы түсініксіз әңгімені кім және қандай мақсатпен ойлап тапқаны, шынын айтқанда, мен үшін үлкен жұмбақ. Владиславтың отбасылық қиындықтарымызды жария етуге шешім қабылдағаны өкінішті. Әр адамның жеке өмірі - бұл сол адамның жеке ісі деп санаймын. Маған өз жеке өмірімнің анық-қанығын өзіме қалдыруға мүмкіндік берсе, қуанар едім”, – деді Бакальчук.

Айта кету керек, бұған дейін Владислав Бакальчук Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровқа отбасылық жанжалды реттеуге көмек сұрап жүгінген болатын. Өзінің бейнеүндеуінде ол Қадыровтан Татьяна Бакальчукпен ажырасуға жол бермеуді және Wildberries пен сыртқы жарнама операторы Russ Outdoor-ды банкрот деп жариялауға кедергі келтіруді сұрады. Шешенстан басшысы Владислав Бакальчукқа көмек көрсетуге уәде берді.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда электрондық сауда айналымының 72,4%-ы маркетплейстерге тиесілі екенін жазып, олардың қанша салық төлегенін талдаған едік. "ИМВБКЗ" ЖШС-нің Wildberries.ru салық бойынша ТОП-5-ке кіреді. Ол 2023 жылы бюджетке 13,5 млрд теңге салық аударған.