ІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жасырын патрульдеу шараларының заңсыз екенін айтқандарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақпарат құралдары полицияның жасырын патрульдеуі қаншалықты заңды әрекет екенін белсенді талқылап жатыр. Полицияның белгіленбеген автокөлікте жасырын патрульдеуі Ішкі істер органдары туралы, Жол жүрісі туралы заңдарда көзделген министрліктің ішкі бұйрықтарында бар екенін бірден нақтылаймын. Өз кезегінде аталған заңдар ҚР Конституциясының талаптарына сәйкес әзірленіп қабылданған. Бұл – бүкіләлемдік тәжірибе, – деді Қайсар Сұлтанбаев.
Inbusiness.kz сайтының жазуына қарағанда Қайсар Сұлтанбаев жолда полицияның тұруы жүргізушілерді тәртіпке келтіріп, апаттар санын азайтады деп пайымдайды.
Жасырын патрульдеудің мақсаты – жаппай жазалау емес, керісінше, кез келген бұзушылықтан аулақ болу керек екенін жеткізу. Өйткені полиция елдің бүкіл жолдарын бақылайды. Бұған болашақта автобустар мен жедел жәрдем көліктерінде орналасқан камералар да ықпал етеді, – деді ол.