Әзербайжан мен Арменияның 16 қарашадағы әскери қақтығысы туралы екі елдің қорғаныс министрліктері екі түрлі ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘЗЕРБАЙЖАН 7 ӘСКЕРИДІҢ ҚАЗА БОЛҒАНЫН ЖАРИЯЛАДЫ
Әзербайжан мемлекетінің қорғаныс министрлігі 16 қарашада Арменияның арандатуынан туындаған мемлекеттік шекарадағы қақтығыс кезінде Әзербайжан армиясының әскери қызметкерлері шаһит болғанын хабарлап, олардың тізімін жариялады:
Қорғаныс министрлігі марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтты. Сонымен қатар 10 әскери қызметкердің жараланғанын мәлімдеді.
«Арменияның мемлекеттік шекарада жасаған арандатушылығына толығымен тойтарыс берілді. Жағдайды біздің бөлімшелер бақылап отыр. Әзербайжан Республикасының Қарулы Күштері еліміздің егеменді аумақтарында қызмет атқаруды жалғастырып жатыр. Армян арандатуынан туындаған шиеленіс пен жанжал үшін жауапкершілік толығымен Арменияның әскери-саяси басшылығына жүктеледі», - делінген хабарламада.
АРМЕНИЯ: БІЗ ТАРАПТАН 1 ҒАНА АДАМ ӨЛДІ
Ал Арменияның қорғаныс министрлігінің ресми сайты мүлде басқа мәлімет жариялады.
«Армян позицияларына Әзірбайжан Қарулы Күштерінің бөлімшелері тарапынан кең ауқымды шабуыл жасалды. Жағдай салыстырмалы түрде қарағанда қазір тұрақты. Атысты тоқтату туралы келісім жалпы сақталып отыр. 16 қарашада соғыс қимылдарының нәтижесінде жаудың 70-ке жуық сарбазы қаза тапты. Сондай-ақ әскери техникасының, атап айтқанда, 4 БТР бронетранспортері, 1 sandcat броньды машинасы, 5 автомобиль құралы (Камаз, Урал, УАЗ) қиратылып, айтарлықтай шығынға ұшырады. Армян жағында 1 адам қаза тапты. Тұтқынға алынған 13 әскери қызметші бар. Жауынгерлік іс-қимылдар барысында тағы 24 әскери қызметшімен байланыс үзілді, қазіргі уақытта олардың тағдыры белгісіз. Әскери қызметшілерді іздеу бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Екі жауынгерлік позиция жаудың бақылауына өтті», - делінген Арменияның қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратта.
Арменияның қорғаныс министрлігі сонымен қатар ресейлік тараптың мұрындық болуымен жағдайды реттеуге байланысты келіссөздер жүргізіліп жатыр.
АРМЯН ӘСКЕРІ ПОЗИЦИЯЛАРЫН ҚАЛДЫРЫП, ҚАШЫП ЖАТЫР
Әзербайжанның әскери қызметкерлері Армения Қарулы күштері бөлімшелерінің қарсы шабуылына тойтарыс бергені хабарланып отыр. Ол елдің қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, қарсыластың мемлекеттік шекара бойындағы жауынгерлік іс-қимылын әзербайжандық бөлімшелер қадағалап отыр.
«Армян әскери қызметшілері қорқыныштан өз позицияларын қалдырып, қашып жатыр. Шекара бойында шоғырланған Армения Қарулы Күштерінің тірі күші мен әскери техникасы көзге түсті. Қарсыластың жауынгерлік техникасы істен шыққан. Әзербайжан армиясының бөлімшелері жедел-тактикалық артықшылыққа ие. Арменияның әскери-саяси басшылығы шекарадағы жағдайдың ушығуына тағы да жауап береді деп мәлімдейміз», - делінген Әзербайжан тарапы таратқан ақпаратта.