«Күншуақтағы» көлеңкелі бизнес. Сәбилер үшін саунада дайындалған тамақ

Әлихан Асқақ

Талдықорғанда балаларды оңалту орталығының асханасына қатысты шу шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

скрин

«КҮНШУАҚТАҒЫ» КӨЛЕҢКЕЛІ БИЗНЕС

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба қызу талқыланып жатыр. Онда аталған мекемеге саунадан тамақ жеткізілетіні айтылған.

Жазбадан аспаздың антисанитариялық жағдайда тамақ дайындап, тағы бір адамның картоп аршып отырғаны байқалады. Ал оны түсірген ер адам «саунада дайындалған тамақ «Күншуақ» деген жерге жеткізіледі» дейді. Бейнежазбада аты аталған орталық директорының жеке кәсіпкердің атына шағым түсіруіне де осы түрткі болған.

– Келісімшарт бойынша жаңа жылда Талдықорған қаласындағы кафелердің бірінде дайындалатынын айтқан. Оны күнделікті барып, тексеруге құқымыз жоқ, келген тауарды қабылдап алалымз. Күнделікті тамақ уақытында келеді. «Тағамда бұзылған, дәмсіз» деген ешқандай шағым жоқ, – деді «Күншуақ» балаларды оңалту орталығының директоры Жантас Әкімбаев.

16 МЛН ТЕҢГЕ АЛҒАН

Аlmaty.tv арнасының мәліметіне қарағанда, 2023 жылдан бастап мекеме асханасы аутсорсингке берілген. Биыл тендерді талдықорғандық компания ұтып, балаларды ыстық тамақпен қамту үшін 16 млн теңге алған. Кәсіпкер келісімшартқа отырғанда тағам дәмханада дайындалады деп көрсеткен. Бірақ оны тексерген ешкім болмаған. Аталған істің анық-қанығын құзырлы орган анықтайтын болады.