Байлардан 400 млн теңгенің зергерлік бұйымдары тәркіленді - Бас прокурор

Ғалиасқар Думан

ҚР Бас прокуратурасы 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысының қорытындысын шығарды. Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов "Казахстанская правда" газетінде жарияланған мақаласында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: zakon.kz

Бас прокурордың мәліметінше, тек 2024 жылы мемлекетке 325 миллиард теңге көлемінде активтер қайтарылып, заңсыз сатып алынған 513 мың гектар жер телімдері тәркіленді. Алғаш рет сот комитеттің 5,5 миллиард теңге сомасындағы байлық пен 400 миллион теңге сомасындағы зергерлік бұйымдар мен мәдени құндылықтарды қайтару туралы талабын толық көлемде қанағаттандырды.

ПАЙДАСЫ

"Мысалы, Жетісу облысындағы көлік-логистикалық орталықты мемлекетке беру Қазақстан-Қытай шекарасындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Бұл ретте өткізу қабілеті 6 есеге артты. Алматы, Ақмола және Түркістан облыстарында алынған жерлер ауыл тұрғындарының үй малын жаюға және шаруа қожалықтарының қажеттіліктеріне берілді. Бұл осы өңірлердегі жайылымдар тапшылығын азайтты," - деді Берік Асылов.

ТАҒЫ НЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ?

Ол бұдан қонақ үйлер, кеңсе ғимараттары, мейрамханалар, бизнес-орталықтар, ірі қалалардың элиталық аудандарындағы жер учаскелері, базарлар, теміржол инфрақұрылымы, қымбат зергерлік бұйымдар және басқа да мүліктер қайтарылғанын жазды.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОЛДАУ

"Қазір Активтерді қайтару жөніндегі комитет Қазақстандағы және шетелдегі жылжымалы және жылжымайтын мүліктің жүздеген объекті бойынша талдау жүргізіп жатыр. Миллиондаған АҚШ долларына бағалы қағаздардың шығу тегі, сондай-ақ 200 мыңнан астам күдікті банк транзакциялары және елдегі ондаған ірі кен орындары бойынша келісімшарттар зерттелуде. Нақты кәсіпорындар мен мүлік бойынша активтердің шығу көздерінің заңдылығы тексерілуде. Бұл жұмыста біз беделді халықаралық ұйымдардың қолдауына ие болдық," - деді ҚР Бас прокуроры.