Тараздықтарды тақырға отырғызып кеткен ресейлік ұсталды

Әлихан Асқақ

18 шілдеде тараздық 3 тұрғынды алдап соққан күдікті Қазақстан-Қырғызстан шекарасында қолға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

Тараз қаласы прокуратурасы ұсталған күдікті Ресей Федерациясының «Р» есімді азаматы екенін мәлімдеді.

Ол осы жылдың сәуір-мамыр айында сыбайластарымен бірге азаматтардың сеніміне кіріп, әртүрлі нөмірлерден қоңырау шалып, «Екінші деңгейдегі банктердің қауіпсіздік қызметінің жұмыскерлері» және «құқық қорғау органдарының қызметкерлері» ретінде таныстырып, алаяқтар жәбірленушінің атынан несие алмақшы екенін айтқан – делінген хабарламада.

Ұсталған күдікті осы схемамен «WhatsApp» әлеуметтік желісінің бейнебайланысы арқылы заңсыз әрекет жасап өзгенің атынан несие ресімдеген. Оның жәбірленушілерге келтірген шығыны 19 миллион теңге.

Күдікті мемлекеттік шекара бекетінен Қырғыз Республикасына қарай өту кезінде ұсталды.

Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.