Алматы әуежайында Тайландтың Пхукет қаласынан ұшып келген екі қазақстандық есірткіге қатысы бар деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Пхукет-Алматы әуе рейсі ұшып келген кезде әуежайда желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Алматы және Көкшетау қалаларының 26 жастағы тұрғындарын анықтап, қолға түсірді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде іздеу-іздестіру иттері жолаушылардан есірткі заттарының иісін сезген», делінген хабарламада.
Тексеру барысында олардан «гашиш», «кептірілген марихуана» және синтетикалық есірткі заттары табылып, тәркіленді.
«Ұсталғандар өз әрекеттерінің заңсыз екенін түсініп, Тайландта демалу кезінде есірткі сатып алып, жеке пайдалану үшін сөмкеде сақтаған», - делінген хабарламада.
Аталған фактіге байланысты көлік полицейлері есірткі заттарын сату мақсатынсыз заңсыз өңдеу және айналымнан алынған заттарды заңсыз алып өту фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізгенін мәлімдеді.
«Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының үкімімен Көкшетау қаласының тұрғыны 1 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, ал Алматы қаласының тұрғыны 200 АЕК (738 400 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге үкім шығарылды», делінген хабарламада.