Халықтың қалауымен кітаптың мұқабасын өзгертеміз - Бақытжан Бұқарбай

Аян Өрібай

AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбай орыс тілінде жарыққа шыққан «Қазақтарды қалай басқаруға болады» (Как управлять казахами) кітабы толығымен сатылымнан алынып тасталғанын хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

КІТАП НЕ ЖАЙЛЫ

Кітап 1734 жылғы мұрағат құжаттарынан тұрады. Оны кезінде Ресей империясының бас хатшысы, ғалым Иван Кириллов әзірлеп, патша үкіметіне тапсырған. Басылымға Кириллов жобасының мәтіні ғана емес, сонымен қатар Ресей азаматтығы қабылданғаннан кейінгі алғашқы жылдары Қазақстан қалай отарлана бастағанын көрсететін басқа да құнды тарихи құжаттар енген. Кітапты шығаруды бизнесмен Кеңес Рақышевтің қаржыландырғаны айтылады.

ЖЕЛІДЕГІ СЫН

Мета мен Тик-ток әлеуметтік желісінде қолданушылар бұл кітаптың осы атаумен әрі мұқабамен шыққанын қатаң сынға алған.  Тик-токтағы видеоға жүздеген адам пікір қалдырды. Бірі “бұл кітап керісінше пайдалы” десе, екіншісі “дұрыс сатылымнан алып тастау керек” деп талап етті.

БҰҚАРБАЙ НЕ ДЕЙДІ

Желідегі сыннан кейін Бақытжан Бұқарбай бұл кітап сатылымнан түгел алынғанын хабарлады.

– Бұған дейін ағаларымыздың әрбірімен кездесіп, кітаптың мақсат-мүддесін жеткізіп айттым. Баспагер болған соң кері байланыспен де жұмыс істеуіміз керек. Ешқашан халықтан өзімізді биік қойған жоқпыз. Оларға ұнамағаны – мұқаба болып тұр. Мұқаба көңіл көншітетіндей емес дейді. Мазмұнын түсінбей қаласың дейді. Біз сондықтан, бүкіл сату нүктелерінен бұл кітапты бүгін түгел алып тастадық. Қазір ешбір жерде бұл кітап сатылымда жоқ, – дейді Бұқарбай.

АРМАН ШОРАЕВТЫҢ ПІКІРІ

Айтпақшы, бұл кітапты осыдан бір ай бұрын Арман Шораев мақтаған болатын. Оның кітаптың уақтылы шыққанын жазғаны бар. 

– Кітап өз уақытында шықты. Бұл жаңа территорияларды отарлау бойынша империялық әдістемені түсінуге мүмкіндік беріп қана қоймай, Әбілқайыр бодандықты іздеді деген мифті де жоққа шығарады. Шын мәнінде, хан өзара ппотекция іздеп, жоңғардан қорғануға көмектессеңдер, Хиуаға баратын сауда керуендерін қорғауға дайын болған. Бірақ империяның протекциялық өтініші, өкінішке қарай, салдарға толы болды. Осылайша, біз өзімізге жүктелген империялық әңгімелерден арыла отырып, бірте-бірте өз тарихымызды табамыз. Рахмет, бауырым! – деп жазған еді Арман Шораев.

Кітаптың басқа атаумен немесе мұқабамен шығатыны немесе шықпайтыны белгісіз.

P.S 

Бірнеше сағаттан кейін баспагер Бақытжан Бұқарбай, тарихшы блогер Нұрқожа Ерсайын мен дизайнер-сәулетші Елзат Мұқашев кездесіп, мәселеге нүкте қойылғанын айтты. Кітаптың атауы мен мұқабасы бөлек болып, қайта шығады.