Грек-рим күресінен 77 келідегі салмақта қырғыз балуаны Ақжол Махмұдовты жеңген қазақ балуаны Демеу Жадыраевқа Қырғызстан азаматтары желіде қолдау білдірді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Грек-рим күресінен 77 келідегі тәжірибелі балуан Демеу Жадыраевқа өте қиын жеребе түссе де, мінез танытып, сенімді түрде финалға шыққан еді. Финалға дейін ол Хаир Алексис Куэроны, қырғыз балуаны Ақжол Махмұдовты (Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2 дүркін әлем чемпионы) және жартылай финалда әзербайжандық Санан Сүлеймановты (Әлем чемпионатының 2 мәрте күміс жүлдегері) 6:1 есебімен жеңген.
Желіде Қырғыз азаматтары Демеуге қолдау білдіріп жатыр.
– Ұтылса, қазақ туғанына ұтылды. Ағасына ұтылды. Қазаққа алтын медаль бұйырсын! Ақжол алда жеңістерге жетеді, – деп жазды бір қырғыз жанкүйері.
– Басқалар жеңгенше қазағым жеңсін!
– Жеңіс құтты болсын туғандар. Шын жүректен құттықтаймыз! Біз бір елміз!
Осындай пікірлер Тик-ток желісінде көптеп таралды.
Демеу Жадыраевтың финалдағы бәсекесі бүгін болады.